Телестудия 65 жыл ішінде белгілі журналистер, операторлар, режиссерлер мен редакторлардың бір тобын тәрбиелеп шығарды. Жас журналистер мамандықтың қыр-сырын телевизия саласының бастауында тұрған тәжірибелі мамандардан үйренеді. Сондай білікті журналистер қатарында қаламы қарымды, жазғаны жалынды Олжас Керейхан да бар.
Облыстық телеарна үздік кадрларды даярлайтын ұстахана.  Кезінде еңбек жолын осында бастаған журналистер қазір еліміздегі ірі телеарналарда қызмет етуде. Олардың кейбірі белгілі журналистермен иық тіресе еңбек етіп келеді. Қаламын қолға алып, қару еткен, жаңалықтың жаршысына айналған Олжас Керейханның бүгінде қоғамдағы орны айрықша, арқалаған жүгі таудай. Облыстық «Алтай» телеарнасында қызмет еткен ол бастапқы жұмыс өтілім осында басталып, журналистика саласының іргетасын осында қаладым, дейді.
Ақпараттық қызметтің тыныс-тіршілігіне жыл он екі ай атсалысып жүрген «Qazaqstan» телеарнасының меншікті тілшісі Олжас Керейхан қызметін жанына ту етіп жүр. Ол «Хабар 24», Маңғыстау, Жетісу облысында да тілшілік қызметте болған. Бірақ ол қаншама телеарнада қызмет еткенімен, ең алғашқы ыстық ұясын ұмытпақ емес.
Тәжірибелі журналист жұмыс барысында үнемі жас әріптестеріне ақыл-кеңесін беріп, өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп жүр. Айтылған ақылым жас тілшілерге кәдеге жараса, бұл мен үшін үлкен қуаныш, дейді ол.