«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының маңызы ерекше. Сапалы білім берудегі өзекті мәселе-оқушы үшін жайлы, қауіпсіз орта ұсыну. Осы орайда жергілікті бюджет тарапынан мектеп ордаларына қомақты қаржы да бөлінді. Бұл ретте Зайсан ауданына қарасты шағын орта мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқушылар үшін замануи үлгідегі жүйе құрылған.
Жобадағы 5 міндеттің бірі – балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау. Бұл бастаманы негізге алған "Кеңсай орта мектебі"   білім ордасын жаңартып, материалдық-техникалық базасын арттыруға ден қойған. Мәселен, мектеп түлектері мен ардагер ұстаздардың демеушілігі аясында мектепте 8 млн 170 мың теңгеге АКТ зал, асхана мен 11 кабинет жабдықталған. Бұдан бөлек, жыл сайын ШҚО Әкімдігі тарапынан ауыл мектептеріне үлкен қолдау көрсетілуде. 2020 жылы "Кеңсай орта мектебіне" 44 млн теңгеге қаражат бөлініп,  мектептің есік-терезесі мен шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, ағымдағы жылы мектептің жылу жүйесін толық жөндеуден өткізу үшін 35 млнға сметалық құжат жасалынған.
Ал, Дайыр ауылына қарасты Көкжыра ауылында орналасқан "Мұжықсу негізі орта мектебінің" де әлеуметтік әлеуеті артқан. Бұл мектепке 2021 жылы 18 млн қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Зайсан ауданы бойынша 27 мектептің 16-сы шағын жинақты мектеп. Оқушылар саны– 1190. Аталған мектептерде білім беретін 331 педагогтің сапалық құрамы 45% -ды құрайды. Бүгінгі күні аталған мектептерде жаңа модификациялы кабинеттер,  робототехника, ІТ кабинеттері бар.