Тіршілік атаулыға жылулық әкелетін молшылық мейрамы - Наурыз мерекесін ұландықтар  атап өтті. Қасым Қайсенов кентіндегі орталық стадионға жиналған халықтың қарасы қалың. Ауданның жақсы жайсаңы, қариясы мен ақ жаулықтылары бәрі жиналды.
Бұл күні дүбірлі той болды. Қаз-қатар жасау-жабдығы келiсіп тігілген 10 шақты ақшаңқан киіз үйлер қазақтың кербез сәнінің белгісіндей мейрамның салтанатын ашып, көрер көзді сүйсіндіреді. Құрылған алтыбақанды айнала дуылдасқан жұрт мерекелік көңіл-күймен мидай араласып, бір-бірімен көрісіп, сәлемдесуде.
Әрбір үйдiң жасауы да өз ерекшелiгiмен бiр-бiрiнен үстем түсуге талпынып, бар жақсыны мейрамға келген жұрт үшін жайып салғанға ұқсайды. Ұйымдастырушылар қазақтың әсем ою өрнектері салынған текеметтер және түскиіздерімен үй ішін безендіріп, дала өркениетін көрсетуге тырысыпты.
Мерекеде гір тасын көтеріп, арқан тартысып, тоғызқұмалақ, асық ойнап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген жастар ұлттық ойынның көркін қыздырды.
Әз Наурызға дайындалған көжеден көпшілік дәм татып, қыз жігіттерден құралған жастар Алтыбақан тепті. Осылайша, дүбірлі мерекені думандатып өткізген тұрғындар жылдан-жылға аман жетуге тілектерін арнады.