Биыл облыста 344 шақырым автожолды жөндеу жоспарлануда. Жөнделетін жолдың басым бөлігі, яғни 255 шақырымы паритеттік қаржыландыру бойынша қалыпқа келтіріледі. Ал 89 км жолға төселетін асфальт «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асады.
Биыл Зайсан ауданын оң өзгерістер күтіп тұр. Мәселен, Зайсаннан Шіліктіге және Шіліктіден Ақжар ауылына дейінгі жол төсемін жөндеу жұмыстары жалғасады.
Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар Омбы-Майқапшағай тас жолы қайта жөндеуден өтіп жатқандықтан, Зайсан мен Тарбағатай аудандары тұрғындарының үлкен легі баламалы бағыт бойынша: Күршім-Қалжыр тас жолымен жүруде. Оның ұзындығы 131 шақырым. Ондағы көлік қозғалысының көптігіне байланысты, жолға жіті назар аудару керектігі айтылды. Биылғы жылы бұл жолдың әрқайсысы 15 шақырымдық үш учаскесі жөнделеді.
Сондай-ақ, Самар ауданындағы Палатцы ауылы тұрғындарының базынасы да ескерілді. Облыс әкімі Даниал Ахметовпен өткен жиында олар ауылға дейінгі жолдың жағдайына алаңдаушылық білдірген еді. Енді туындаған мәселені шешу үшін бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті сараптама дайындалды. Ал конкурстық рәсімдердің қорытындысы жақында жарияланады. Сондай-ақ, екі аудан орталығын жалғастыратын ұзындығы 135 шақырымдық – Үлкен Нарын мен Күршім аралығындағы тас жолына бірнеше жыл бойы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде бұл жолдың жағдайы айтарлықтай жақсы, тұрғындар белсене пайдалануда. Алайда 2009 жылы жөнделген 23 шақырымнан 38 шақырымға дейінгі аралықтағы учаскені қайта  жөндеудің уақыты келді. Биыл сол бойынша жұмыстар толық негізде жүргізілмек.