Сахна – саф өнерді сақтап, сезім мен сөзді, әуен мен ырғақты бір арнаға тоғыстырып, көрерменге жеткізген саңлақтардың киелі орны. Бұл іске барын салғандар құрметке лайық. Облыстық драма театрда Халықаралық театр күніне орайластырылған мерекелік шара өтті. Кеште «Маска - 2023» сыйлығының иегерлері анықталды.
Өнер ордасына жиналған халық қарасы көп. Облыстық драма театрдың директоры Руслан Қайырсыновтың айтуынша, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл шараның маңызы зор. Өнер адамдары үшін көрермен қошеметі мен елдің алғысына жетер марапат жоқ. Алайда, жыл көлемінде атқарған ерен еңбегінің жемісін көретін сәт, ол дәл осы күн. Сол себепті, әр актер бұл айтулы күнді асыға күтеді.
Бұл - театр қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл өнер сүйер қауымының да төл мерекесі десек еш қателеспейміз. Ал саналы ғұмырын сахнаға арнап, өнерді өмірінің өзегі еткен жандар үшін осынау мерекенің маңызы әрқашан орны бөлек. Салтанатты жиында актерлер 23 номинация бойынша марапатталды. «Ең үздік ер адам рөлі», «Ең үздік әйел адам рөлі», «Үздік спектакль», «Шабыт», «Театр өнерін дамытудағы еңбегі үшін» сынды бірқатар номинациялар өз иелерін тапты. Мәселен,  «Ең үздік ер адам рөлі» биыл екі адамға бұйырды. Бірі – жастар театрының актері Сырым Маратбек болса, екіншісі – қазақ драма театрының әртісі Қайрат Мұқышев.
 «Маска» сыйлығының «Ең үздік әйел адам рөлі» номинациясымен «Номер 13» комедиясында Джейн Уорзингтонның рөлін сомдаған Гүлвира Әбікенқызы марапатталды.  
Ал талантты актер әрі режиссер Рүстем Есдәулет атындағы арнайы сыйлық орыс театрының атрисасы Марина Соколоваға бұйырды. Барлық номинация иегерлеріне құрмет грамотасы мен қаржылай сыйлықтар табысталды.