Облыста бүгінгі таңда мүгедектігі бар 28 мыңға жуық адам тұрады. Ерекше күтімді қажет ететін жандардың құқықтарын қорғау және тұрмыс сапасын арттыру 2025 жылға дейін бекітілген ұлттық жоспар аясында іске асырылмақ. Ал биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енетін жаңа «Әлеуметтік Кодексте» де осы санаттағы азаматтар үшін жаңашылдықтар мен оң өзгерістер қарастырылған.
Мүгедектігі бар адамдар өздеріне қажетті қызметті мемлекеттік арнайы жүйе арқылы ала алады. Мәселен, 2021 жылдан бастап ерекше күтімді қажет ететін жандар  өздеріне керек техникалық құралдарға әлеуметтік қызмет көрсету порталы арқылы тапсырыс беруіне мүмкіндік туды. Бұдан бөлек оларға өзге де жан-жақты әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Қазіргі мақсат әлеуметтік қызметкерлер институтын күшейту. Сондықтан бұл салаға білікті, арнайы оқытудан өткен, сертификатталған мамандар тарту көзделген. Ал мүгедектігі бар адамдарға мамандарды таңдау мүмкіндігін беру үшін әлеуметтік қызметкерлердің тізімі жасақталады.
Ұлттық жоба аясында 198 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылған. Сонымен қоса олар өз кәсібін ашуға да мүмкіндік алып отыр. Мәселен, биыл 43 адам business.enbek.kz порталы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгерген. Ал оның 18-і бизнес-идеясын іске асыруға 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант алуға өтінім берген.