Білімді ұрпақтың қалыптасуы жолында ұстаздық қызмет қашанда биік. Олар жастарға қолдау білдіріп, өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген жандар. Сондай ұлағатты ұстаздың бірі - «Үлкен Нарын ауылдық лицейінің» орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі - Айсұлу Зарипова. Ол аймақтағы білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүр.
Айсұлу Зарипова - жоғарғы санатты ұстаз. Педагог-зерттеуші Үлкен Нарын ауылдық лицейінде 1997 жылдан  бері қызмет етіп келеді. Еңбек жолы «Әлемдік көркем мәдениет» пәнін оқытудан басталған. Ұстаз кәсіби байқауларға қатысып бірнеше айтулы додаларда үздік атанған.

Жылдан жылға өзін дамытып отыратын ұстаз оқушылардың қызығушылығын арттыруда түрлі әдістерді қолданады. Атап айтқанда,  іскерлік ойын, квест, зерттеу сабақтары, жоба сабақтары. Әр сабағы қызықты өтеді, дейді оқушылар.

Айсұлу Зарипова өз білімін толықтырып курстардан өтіп отырады. Ол әдістемелік жұмыстарды, коучингтерді, мұғалімдер мен ата-аналарға арналған тренингтерді шебер жүргізді.

Ұлағатты ұстаз ел болашағын тәрбиелеуде тынымсыз еңбектеніп келеді. «Білім сапасының артуына үлес қосып, талай жыл талмай еңбек етіп келе жатқан жаңашыл маман Айсұлу Зарипованың әлі де биік белестерді бағындыра беретініне сенім мол», дейді әріптестері.