ҚР Ақапарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов шығысқа келді. Вице-министр сапар барысында облыстағы әлеуметтік және мәдени  нысандарды аралады. Өңір тұрғындарымен, жастармен кездесу өткізді.
Бірінші кезекте Евгений Кочетов облыс жұртшылығымен кездесу өткізді. Жиынға аймақтың белсенді азаматтары, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар және тұрғындар қатысты. Вице – министр Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен қолға алынған жаңа жобаларға тоқталды. Оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік, отбасылық және гендерлік саясат, жұмыссыз жастар мәселесіне ерекше мән берді. Ал тұрғындар болса өз кезегінде вице – министрге көкейтесті сұрақтарын қойды. Мәселен, қабылданып жатқан бағдарламалар қаншалықты халықтың қажеттілігін ескереді, жас отбасыларға арналған баспана бағдарламалары, қазақ тілді анимациялық фильмдерді дайындау мәселесі сынды өзекті тақырыптарды қозғады. Евгений Кочетов ел-жұрт көтерген мәселелер бойынша өтініштерді қарастыруға уәде беріп, жергілікті белсенділермен байланыста болатынын жеткізді.
Бұдан кейін Евгений Кочетов өңірдегі жас көшбасшылар және жастар ресурстық орталықтарының директорларымен кездесті. Вице – министр мемлекеттік жастар саясатының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жастар өмірінің түрлі салаларында 12 индикаторға қол жеткізуді көздейтін 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының Тұжырымдамасы бекітілген. Оның негізгі идеясы «жастар үшін» парадигмасының «жастармен бірге» бағытына ауысуы. Сондай-ақ, 2029 жылға дейін 1 миллион ауыл жастарын жұмысқа орналастыру, 1,5 миллион жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру, 3,8 миллион жастарды ресурстық орталықтар арқылы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жоспарлануда, - дейді вице-мнистр.
Сонымен қатар, вице-министр кездесуде «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленгенін айтты. Евгений Кочетовтың айтуынша, құжат журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл БАҚ тіркеу тәртібін өзгерту, саланың өзін-өзі реттеуін дамыту, мемлекеттік қаржыландыруды реформалау сынды мәселелерді шешуге бағытталған.