Аймақ басшысы Даниал Ахметов өңірге қарасты қала аудан басшыларымен кезекті жиын өткізді. Облыстық әкімдікте өткен жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары талқыланды.
5 сәуірде өрт қауіп жоғары кезең басталады. Аймақтағы салалық басқарма өкілдері, орман қорғау ведомствосы қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылғандығын айтады. Қазіргі уақытта 161 бірлік техника, төрт тікұшақ бар. Ал материалдық-техникалық база үнемі толықтырылып отырады. Өткен жылы барлық қызметтер тілсіз жаудың үлкен аумақтарға таралуына жол бермей, онымен күресте көңіл қуантарлық нәтиже көрсетті. Ал Мемлекет басшысының пәрменіне сәйкес 1533 гектар орманды қалпына келтіру қажет. Ол үшін қазір  көшеттер отырғызылды.Қажет болған жағдайда сатып алуға қажетті қаражат та бөлінді.
Бұдан бөлек жиында аймаққа қарасты елдімекендердің бас жоспарын әзірлеу жұмыстары да талқыланды.Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис аталған құжаттарды әзірлеу жағы өңірде ақсап тұрғанын айтты. Салдарынан жерді рәсемдеу кезінде түрлі кедергілер туындайды.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов ең алдымен Шемонайха, Серебрянск, Алтай ауданындағы елдімекендердің бас жоспарын ретке келтіруді тапсырды. Облыс әкімі бірнеше басқарма басшыларының қызметін сынға алды.Атап айтқанда Өскеменде  құрылыс жұмыстарының тығыз жүргізілуіне жол бергендер өңір басшысынан ескерту алды.
Жиын соңында көктемгі әскерге шақыру науқаны жайлы сөз қозғалды.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов Денсаулық сақтау басқармасына қалалық және аудандық ауруханаларды әскерге шақыру комиссиясына қосуды, сондай-ақ болашақ Отан қорғаушылардың денсаулығы мен патриоттық тәрбиесіне бақылауды күшейтуді тапсырды.