Облыста IQanat республикалық олимпиадасының екінші кезеңі өтті. Іріктеуге аймақтың 9 ауданынан 200-ге жуық оқушы қатысты. IQanat – ауыл балаларын қолдау ниетімен біріккен 100-ден астам қазақстандық кәсіпкерлер қолдау көрсететін республикалық әлеуметтік-білім беру жобасы.

Қоғамдық қордың басты мақсаты – пәндік олимпиадалар өткізу арқылы ауыл мектептеріндегі қабілетті, дарынды оқушыларды анықтап,  қолдау көрсету. Олардың шығармашылық, танымдық, зияткерлік бастамаларын жандандыру,  пәндерге деген қызығушылықтарын арттыру. Осы бағдарламаның арқасында мыңдаған мектеп оқушылары қосымша білім алып, Қазақстанның және шетелдің үздік ЖОО-да оқуға түсуге мүмкіндік алады.

Қор қамқоршыларының айтуынша, әрбір оқушы сапалы білім алуға қол жеткізе алады. Тек балаларды қолдап, алға жылжуына мүмкіндік берсе болғаны. Бұл ретте IQanat қорының әлеуеті зор. Болашақта бұл балалар ауылдың, ауданның, облыстың және жалпы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының өсуіне әсер етеді.

Аймақта олимпиаданың бірінші туры 2022 жылдың қараша айында өтті. Алғашқы кезеңнен сүрінбей өткен оқушылар екінші кезеңге жолдама алды. Ал екінші кезеңде үздік деп танылғандар финалға яғни, Республикалық слетке қатысады.  Финалдың барлық жеңімпаздары дарындылықты дамыту бойынша Қазақстанның ең мықты мектептерінің бірі - IQanat High School of Burabay-да оқуға гранттар алады. Сонымен қатар, барлық финалистерді Олимпиададан кейінгі сүйемелдеудің 3 жылдық бағдарламасы күтуде. Оынң ішінде ҰБТ-ны сәтті тапсыруға дайындық, үздік отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына түсу, ең бастысы, ауыл оқушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру курстары кіреді.

Бұл олимпиадаларда пәндік білімге емес, оқушының қабілетіне назар аударылады. Оқушылар логикалық ойлау, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, ағылшын тілі және қатысушының таңдауы және биология, география, тарих, математика, физика және химия пәндері бойынша сынға түседі. IQanat қоры ҚР Білім Министрлігінің қолдауымен жұмыс істейді.