Табиғат тазалығы маңызды мәселе. 2013 жылдың 30 мамырында елімізде мемлекеттің инновациялық іскерлігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы» бекітілгені белгілі. Осыған байланысты  Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еламан Мұхтарханов баспасөз конференциясын өткізді.
ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде  "жасыл экономикаға" көшу жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру тақырыбында өткен баспасөз конференциясында бірнеше түйткілді мәселелер сөз болды. Тұжырымдамадағы мәселелер мен бүгінге дейін атқарылған жұмыстар да талқыланды.
Соңғы 10 жылда атқарылған жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп, бүгінде 19 % - ға ауаның ластануын азайтқан. Айта кетейік, бүгінде Өскеменде "Қазгидромет" РМК атмосфералық ауа мониторингінің 15 бекеті жұмыс істеп тұр. Соңғы 5 жылда Шығыс Қазақстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары табиғатты қорғау іс-шараларына 39 млрд теңгеден астам инвестиция құйған.

2025 жылға дейін ШҚО-да 476 мың ағаш отырғызу жоспарлануда. Оның 270 мыңнан астамы қазіргі таңда отырғызылған. Соның ішінде Өскеменде 26 мың ағаш егілген.  Бұдан басқа, 2021-2025 жылдарға арналған ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайту жөніндегі кешенді жоспар әзірленді.