Өскеменде құтқарушылар кезекті рет төтенше жағдай туындағанда іс-әрекет ету шеберліктерін көрсетті. Шараға белсене қатысқан балалар ұйымдастырылған жарыс кезеңдерінен қызығушылықпен өтіп, құтқарушыларға өз білімдерін ғана емес, командада бірлесіп қимылдай алатындықтарын дәлелдеді.
Оқушылар арасында іздестіру-құтқару сайысы өткізілді. Жарыс су жағасында ұйымдастырылды. Сақтық шараларын облыстық ТЖД құтқарушылары қадағалады. Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды. Соның бірі, суға батып бара жатқан адамға көмектесу үшін арнайы құралдарды пайдалана білу. Енді бірі зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету. Қызыққа толы әр кезеңде қатысушы ептілік танытуы тиіс.
Мектеп оқушылары сынақтардың оңайға соқпағанын айтады. Олар  осы жарыс кезеңінде қолданылған тәсілдерді тақырыптық сынып сағаттарында үйренген. Оқушылар ТЖД қызметкерлері мен ұстаздарынан сақтық ережелерін бірнеше рет естігендіктен, құтқарушы мамандығының қыр-сырын түсінгендерін айтады.
Дайындық сабақтары кезінде жас құтқарушылар көптеген тың ақпараттарға қанық болды. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, топтық ойындарда ұйымшылдықтарын көрсете білді.
Мұндай шаралар мектеп оқушылары үшін қызықты ойын ғана емес, төтенше жағдай кезінде көмек болатын мол тәжірибе. ТЖД  қызметкерлерінің айтуынша, жас құтқарушылар өнімді еңбек етіп, сынақтан сүрінбей өткен.