Облыстық білім басқармасына қарасты «Дарын» орталығы жыл сайын Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен республикалық олимпиада өткізеді. «Қазақтың Хан-апасы» атанған даңқты мұғалімнің құрметіне биыл 19-шы рет ұйымдастырылған дәстүрлі байқауға әр аймақтан 200-ге жуық оқушы келіп қатысты.
Екі айналымнан тұратын байқау өз мәресіне жетті. Қатысушылардың әрқайсысы өзінің білімін, талабы мен терең ізденісін көрсетуге барынша тырысты. Олар тіл ережелері, әдеби шығармаларды оқу бойынша ғана емес, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, әйгілі педагог Қанипа Бітібаеваның ғұмыры мен оқу-әдістемелік еңбектерін білу бойынша да өзара сынға түсті.
Жаңашыл ұстаздың тәлім-тәрбиесі мен қалдырған мұрасы қазақ тілі мен әдебиетін сүйіп оқитын оқушыларға ғана емес, мектеп мұғалімдеріне де үлгі-өнеге.
Биылғы олимпиада қорытындысы жарияланып, үздіктер анықталды. Жүлдегерлерге министрліктің атынан 1,2,3 дәрежелі дипломдар табысталып, жеңімпаздарға университет гранттары тағайындалды.