ALTAI телеарнасының көптен күткен қуанышымен бөлісуге  елдің түкпір-түкпірінен белгілі БАҚ өкілдері мен медиа-менеджерлер жиналды. Шығыстың басты арнасының торқалы тойына келген құрметті қонақтарды телеарна басшылығы әскери оркестрдің сүйемелдеуімен, салтанатты түрде қарсы алды. Мәртебелі меймандар алдымен телестудияның ішін аралап көрді. Бұдан кейін телеарнаның әкімшілік ғимараты алдына көшет отырғызды.
Телеарна ұжымы алыс-жақыннан келген мәртебелі қонақтарын әскери оркестрдің музыкалық сүйемелдеуімен, құшақ жая қарсы алды. Таңертеңнен бері телестудия ауласында ерекше атмосфера орнап, келушілердің көңілін бір серпілтті. Мерейтойға жиналған көпшілікті телеарна директоры Нұртас Солтанұлы 17 жылда алғаш рет жөнделіп, жаңаша түрленген әкімшілік ғимаратпен таныстырды. Қадірлі меймандар жаңғыртылған телевизиялық павильонның ішін де аралады. Айта кетейік, облыстық телеарнаның тарихында тұңғыш рет санды форматтағы  2-ші аппаратты-студиялық кешен жасақталып, іске қосылған болатын. Мерейтой қонақтары ондағы жұмыс барысын да тамашалады. Осыдан кейін, мәртебелі меймандар, игілікті істің бастамасы ретінде ғимарат алдына ағаш отырғызды.
Өңірдегі әріптестерінің қуанышын бөлісуге арнайы келгендердің қатарында 2003-2005 жылдары телеарнаға басшылық еткен Бауыржан Айтқазин бар. Бұрынғы басшы студияның өткені мен бүгінінен сыр шерте отырып, телеарна ұжымына ақжарма тілегін жолдады.  
Облыстық телеарна көптеген жас мамандарға мектеп болды. Кәсіби кадрларды даярлайтын қара шаңыраққа айналды. Қазіргі таңда қарашаңырақтың түлектері еліміздің түрлі белді де беделді БАҚ және шетелдерде еңбек етуде. Ал осындай сапалы мамандарды дайындап, тәрбиелеп шығару қажырлылық пен  көп жыл бойғы тынымсыз еңбекті талап етеді. Сондықтан өңірлік медиа саласында ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда. Мұнда келген жастарға бағыт-бағдар беріп, бұл қызметтің ыстығы мен суығына төзуге үйреткен құрметті демалыстағы тәжірибелі тілші  – Асира Нажмаддинова.
«ALTAI» телеарнасының 65 жылдық мерейтойын тойлауға арналған шаралар легі  «Ертіс концертте» жалғасын тапты.