«Ертіс концерт» мәдениет сарайында қазақ телевизиясының құрдасы, шығыстың басты арнасы, «ALTAI» телеарнасының 65 жылдық мерейтойы өтті. Соңғы 2 ай осы атаулы датаға орайластырылған зияткерлік, рухани, қайырымдылық және спорттық шараларға толы болды. Арғысы Атырау, Шымкент, Тараз, Қызылорда, бергісі Астана, Алматы, Семей шаһарларынан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, "Қазақстан" телерадиокорпорациясының өкілдері мен республикалық және аймақтық БАҚ-ның бірінші басшылары, белгілі тележурналистер және медиаменеджерлер арнайы келіп, телеарна ұжымымен мерейтойды бірге атап өтті.
Салтанатты жиынды өңір басшысының орынбасары Дархан Сапанов «ALTAI» телеарнасын мерейтоймен құттықтап, өз тілегін жолдаған ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің, ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың және ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың құттықтау хаттарын, табыстады. Ерекше атап өтетін жайт, мерейтойға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің тапсырмасымен арнайы келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті Теле-радиоарналарда ақпараттық жұмыс басқармасының басшысы Айбек Теміров мырза, Дархан Қуандықұлының құттықтауын жеткізіп, 3 бірдей ардагер қызметкерге "Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісін тапсырды. Тағы 4 бірдей әріптесіміз Министрдің Алғыс хатын алды. Бұл аймақтық арна үшін үлкен құрмет, зор марапат.
Бұған қоса, тағы 4 бірдей арна қызметкеріне «ҚР Журналистер Одағының» «Алғыс хаты» берілді. Сонымен қатар, телеарнамыздың 8 бірдей қызметкеріне облыс әкімдігінің «Алғыс хаты табысталды.» "ALTAI" арнасы "Қазақстан" телерадиокорпорациясы деп аталатын үлкен қарашаңырақтың белді бір мүшесі. Осылай деген, "Қазақстан"РТРК"(республикалық телерадиокорпорациясы) АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Еркін Мұхамеджанов, 8 қызметкерімізді "Құрмет грамотасымен" марапаттады. Жиын-теріні 27 марапат. Еңбектің еленіп, жұмыстың бағалануы алтайлықтардың төбесін көкке көтерді! 65 жылдықтың жоғары деңгейде өтуі, бірінші кезекте, береке-бірлігі жарасқан үлкен ұжымның қажырлы еңбегінің арқасы, дейді телеарна директоры Нұртас Солтанұлы.
Облыстық телеарнаның дамуына, өркендеп өсуіне бар күш-жігерін салып, көші ілгері жүруіне себепкер болған аға буынның қосқан үлесін айтып жеткізу мүмкін емес.
Көп жылдардан бері әріптестік байланыс орнатқан серіктестер де телеарнаның жұмысына жоғары баға берді. Телеарна тарихы мен келбетін паш ететін бейнероликтер халық назарына ұсынылды. Көпшіліктің көңіл төрінен орын алған салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты. Әуезді ән, күмбірлеген күй, мың бұралған би өткен мерекелік концерттің көркін қыздырды.  Олардың қатарында: Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Ботагөз Жұмабекова, Жәнібек Симбаев, Нұргүл Қабдоллаева бар. Байжігіт атындағы қазақ ұлт асаптар оркестрі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрі бірлесе  «Дайрабай» күйін орындап қатысушылардың көңілін бір серпілтті. Көрермендер телеарнаның ашылуы туралы баяндайтын қызықты театрландырылған көріністер мен басқа да әсерлі қойылымдарға қанық болды.
Телевизия саласында қызмет ететін жандар өз ісіне ғашық адамдар. Адамының ғұмырымен пара-пар кезеңде шығыстың басты арнасы заман ағымынан, сандық технология сағаттап дамыған кезеңнен бір сәтке де қалыс қалмады. Әлеуметтік желілердің әлеуеті артқан тұста да телеарна көзқарақты көрермендерінен қол үзбеді. Осылайша, «Алтай» арнасы 65 жыл бойы шынайы әрі шұғыл ақпараттың көзі болып, шығыстағы медианарықта көш бастап келеді. Шара соңында  «Altai» телеарнасының ұжымы мерекеге орайластырылып жазылған арнайы әнұранды орындап, кешті қорытындылады.