Глубокое ауданы, Черемшанка ауылында ауқымды орман өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өтті. Жаттығуға 200-ге жуық адам қатысты, Оның ішінде облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, орман шаруашылығы қызметкерлері болды.
Шара облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаевтың басшылығымен ұйымдастырылды. Оқиға желісі бойынша, "Черемшанск орман шаруашылығы" аумағында найзағай салдарынан орманды дала аумағы өртенді. От тез таралып, алапат өртке айналды.  Оқиға орнына келген "Черемшанск орман шаруашылығының" қызметкерлері барлау жүргізіп, жақын маңдағы ауылға қауіп төніп тұрғанын анықтады.
Өртті сөндіру басшысы жергілікті өрт сөндіру штабын ұйымдастырды. Олар 5 өрт сөндіру учаскесін анықтады. 6 орман шаруашылығы мен табиғи қорықтың қызметкерлері өрттің таралуынан қорғады. Десантты бөлімшелер орман алқаптарын өрттен алдын алу мақсатында, аспалы өрт сөндіргіштердің көмегімен отқа қарсы тұрды. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова Шығыс Қазақстанға жұмыс сапары аясында осы маңызды оқиғаға қатысып, азаматтық қорғау қызметтерінің табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға ден қоюына баға берді.
Глубокое ауданының Жастар ресурстық орталығының еріктілері өртті сөндіруге қатысушыларды тамақпен және ауыз сумен қамтамасыз етті.Бірлескен іс-қимылдың нәтижесінде 150 гектар жер өрттен аман қалды. Жаттығуға барлығы 51 техника жұмылдырылды.