Бұдан бөлек, аймақ басшысы Даниал Ахметов «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында  бой көтерген тұрғын үйден жаңа қонысқа ие болғандарға пәтер кілттерін табыстады. Пәтер кілттері көпбалалы отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға бұйырды.
Тұрғын үйлердің құрылысы 2020 жылдың көктемінде басталған. Облыстық драма театр аумағында барлығы 43 көпқабатты үй салу жоспарланған. Қазірдің өзінде мұнда кең аулаішілік жолдар, көлік тұрағы, абаттандырылған спорт және балалар алаңдары бар.
Ал жыл соңына дейін шағын ауданда 600 орындық білім ошағы мен хоккей модулі бой көтереді. Мектепке дейінгі біліммен қамту ісі де басты назарда. Болашақта мұнда балабақша құрылысы басталады.
Небәрі төрт жылдың ішінде облыс орталығында мемлекеттік тұрғын үй қорында кезекте тұрған 857 адам жаңа пәтерге ие болған.
Өңірде баспана кезегінде тұрып, жаңа қонысқа ие болғандардың 321-і көп балалы отбасы болса, 208-і балалар үйінің түлектері, 140 азамат әлеуметтік осал топтары.