Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде де саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған шара өтті. «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасы аясында өлкетанушы-тарихшылардың басын қосқан «Қағазда қалған халықтың қайғысы» атты форум ұйымдастырылды.
Бұл шара – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы. Жиынға облыс әкімінің орынбасары, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясының төрағасы Дархан Сапанов қатысты.
Шара барысында белгілі қазақстандық телеоператор Саид Фазыловтың «Восхождение в бессмертие» деректі фильмі ұсынылды. Конференцияға қатысушылар Бейбіт Мамраев атындағы ғылыми кітапхана ұйымдастырған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» кітаптар көрмесімен танысты.
Форумда мұрағаттық зерттеулерді дамытудың өзекті мәселелері, тарихи деректерді жинауда цифрлық технологияларды пайдалануды дамыту мен басым бағыттар талқыланды.