Аймақтағы барлық орта білім беру мекемелерінде бүгін соңғы қоңырау соғылды. Биыл облыста 12 мыңға жуық бала мектеп қабырғасынан түлеп шықты. Оқушылар үшін сыңғырлаған соңғы қоңырау жазғы демалыстың белгісі.  
Оқу жылы аяқталды, білім үрдісінің қорытындысы шығып, сыныптар бос қалды. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан, жаңа өмірге қадам басқан оқушылардың көңілі босап, жаңа сыныпқа аяқ басқан балалар шат-шадыман болуда. Өскемендегі № 45 орта бейіндік мектебінде биыл 32 оқушы үлкен өмірге аяқ басады. Мектеп түлектеріне қала әкімі Жақсылық Омар ақ жол тілеп, алдағы үлкен сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтулеріне тілектестігін білдірді. Ата-аналар мен мектеп ұжымы да балалардан кем толқымайды. Олар өздерінің мектеп өмірін еске алуда.
Салтанатты жиында 11-ші сынып оқушылары жүрекжарды тілектерін, күймен, өлеңмен, қоштасу вальсімен жеткізді. Осыдан кейін, мектеп түлектері үшін асыға күткен соңғы қоңыраудың әсем сазы, жүректі дір еткізер үні естілді.
Соңғы қоңырау салтанатына білім ордасын бітіруші түлектермен қатар, мектеп мұғалімдері, ардагер ұстаздар және ата-аналар қатысты.