Биылғы оқу жылында Шығыс Қазақстан облысының мектеп оқушыларының командасы халықаралық және республикалық байқауларда 118 медаль жеңіп алды. Соның 24-і алтын, 49-ы күміс, 35-і қола. 2022-2023 оқу жылы қорытындыланып, облыстың аудан-қалаларында оқитын 200-ден астам дарынды оқушы облыстық форумға шақырылып, оқу мен шығармашылық, спорттағы жоғары жетістіктері үшін марапатталды.
Форум қатысушылары республикалық зияткерлік байқаулар мен Сингапур, Индонезия, Ресей мен Өзбекстан елдерінде өткен халықаралық зияткерлік жарыстарда топ жарып, алтын, күміс пен қола медаль алған дарынды оқушылар. Ал, үздік жас спортшылар командасы ХI Қысқы гимназияда шайбалы хоккей мен спорттық бағдарлаудан алтын медаль жеңіп алды. Оқу мен шығармашылық, спортта топ жарып, жоғары нәтижеге қол жеткізген талантты жастарға мақтау қағаздары мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Жеңіске жетудің жолы – табандылықты, күш-қайрат пен талмас талап, үздіксіз ізденісті қажет етеді. Осыны жастайларынан өмірлік ұстаным етіп алған балалар, алға мақсат қойып, оған жетуге деген талпыныстары мен құштарлықтарының жемісін көріп отыр.
200-ден астам дарынды оқушылардың басын қосқан облыстық форумда оқу мен шығармашылық, спортта озат, ынталы жастарға білім беріп, тәрбиелеген бірнеше мектеп басшылары да алғыс хатпен марапатталды.