Абай облысындағы өрт еліміз үшін үлкен қасірет болды. Қызыл жалын шарпыған аумақ 60 мың гектардан асты. Қызыл жалынды сөндіруге республиканың әр өңірінен өрт сөндірушілер келген болатын.  Тілсіз жаумен күрес кезінде ерлік танытқан жандардың бірі - Бақытжан Нұрмұхамбетов.
Бұл мамандар үшін құтқару, көмектесу деген бірінші орында. Олар өз өмірлерін қатерге тіге отырып, өзгенің өміріне араша болады. Бақытжан Нұрмұхамбетов өрт сөндіру бөлімінде 2018 жылдан бері көлік жүргізуші қызметінде. Бейбіт күннің батыры Абай облысындағы қайғылы жағдай кезінде өрт сөндіру көлігін тізгіндеген. Оның айтуынша, қызмет атқарған уақытында ол бірінші рет осындай үлкен көлемдегі апатқа тап болған.  
Нағыз ер азаматқа тән бұл мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Құтқарушыларға апат орнына дер кезінде жету өрт сөндіру көлігін тізгіндеген адамға байланысты.
Әскери және қызметтік борышын өтеудегі жанқиярлығы мен төтенше жағдай кезінде көрсеткен ерлігі үшін Бақытжан Нұрмұхамбетов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.