Бүгінгі күні оқушылардың бір-біріне қысым көрсету әрекеті жиілегені жасырын емес. Бұған дәлел соңғы уақытта кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың артуы. Жасөспірімдердің құқығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы брифингте облыс прокуроры Алмат Байшолақов айтты.
Қазіргі кезде «буллинг» деген түсінік бар. Бұл сөз – қорқыту, кемсіту, мұқату деген мағынаны білдіреді. Бұл мәселе жастардың арасында белең алып барады. Оған дәлел, бірнеше ай бұрын ғана қатарластарына қатігездік көрсеткен жасөспірімдерге қатысты шыққан сот үкімі.   
Балалар тап болатын әлімжеттіктің келесі түрі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Статистикалық мәліметке сүйенсек, 400-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала әлеуметтік оңалтуға жүгінген. Бірақ психологиялық-педагогтік түзету кабинеттерінің жетіспеушілігіне байланысты тиісті  көмек түрін ала алмай отыр.
Аймақта медициналық психолог тапшы. Ерекше күтімді қажет ететін балалар тиісті психологиялық көмекті айлап күтуге мәжбүр. Кадр тапшылығын жою бойынша облыстық прокуратура тарапынан бірқатар ұстыныстар келіп түскен. Бұл өзекті мәселе алдағы уақытта өз шешімін таппақ.