Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев облысқа жұмыс сапарымен келді. Ол облыс әкімі Ермек Көшербаевпен бірге Риддер ЖЭО-ын аралап, жергілікті халықпен кездесті.
Министр өңірдегі ЖЭО-ның қысқы маусымға дайындық көрсеткіші 32 %-ды құрайтындығын атап өтті. Қаржы министрлігі және облыстық әкімдік бірлесіп үкімет резервінен тиісті қаражатты бөлу мәселесін қолға алмақ. Айта кетейік, кәсіпорында өткен жылы бірнеше рет апат болып, нәтижесінде қала жылусыз қалған еді.
Өңір жұртшылығына ЖЭО-ның жаңа инвесторы Әміржан Нәбиев таныстырылды. Кәсіпорын «АТРИКС-СТРОЙ» ЖШС қол астына өтті. Жиында жылыту қазандығынының берешегі де талқыланды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, жалпы қарыз сомасы 5,5 млрд теңгені құрайды.
ЖЭО-ның қарызы толық өтелген соң кәсіпорынды жеке коммуналдық меншікке беру мәселесі шешімін таппақ. Жөндеу жұмыстарына 8 мердігер ұйым және 200-ден астам маман тартылды. Нысан жеке меншікке өткендігіне қарамастан, мемлекет тарапынан 8 млрд теңге қаржы бөлінбек.
Риддер қаласының Мәдениет үйінде өткен жиынға облыс әкімі Ермек Көшербаев та қатысты. Өңір басшысы тұрғындарды алаңдатқан мәселелерді тыңдады. Жергілікті жұртшылыққа өткен жылы берілмеген жылу мен электр энергиясын толықтыру мақсатында арнайы өтемақы тарифі енгізілді.
Қазіргі уақытта ЖЭО-да барлығы 6 қазандық пен 4 турбина бар. Жөндеу жұмыстарын толық бақылауда ұстау үшін арнайы бейнебақылау камералары орнатылды.