Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында аймақ басшысы Ермек Көшербаев өнеркәсіп саласының дамуы мен бұл салада  жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. Аймақтағы индустриялық сектордың аяқ алысы қандай?
Аймақтағы индустриялық секторды дамытудың бірден-бір жолы - экспортқа бағытталған кәсіпорындар құру. Мәселен, облыста қуаттылығы 200 тонна болатын, атом электр станцияларына арналған жылу бөлетін құрастырмалар өндіретін зауыт салынды.
Түсті металлургияның тау-кен өнеркәсібімен тығыз байланысты екенін ескере отырып, геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтуге көп көңіл бөлінуде. Шикізатпен қамтамасыз ету үшін Стрежанское кен орнының полиметалл және мыс кендерін өнеркәсіптік игеру жобасы жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, аймақ басшысы  Тарбағатай ауданында мыс кенін өндіретін тау-кен байыту комбинатының құрылысы жоспарланғанын айтты. Ал Ұлан ауданында тантал, ниобий және литий өндіретін теңдесі жоқ қайта өңдеу зауыты салынбақ.