Ұстазға алғыс айтамын деп, басыңыз дауға қалмасын! Мамыр айы – мектеп түлектері үшін толқу мен қоштасу кезеңі. Алайда дәл осы сәтте білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де арта түседі. Сондықтан, жауапты сала өкілдері облыстағы білім беру мекемелері басшыларымен кездесу өткзіп, заңнама талаптары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Өскемендегі №50 орта мектепте өткен кездесуге мектеп, колледж және балабақша директорлары жиналды. Шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті мен облыстық білім басқармасы ұйымдастырды. Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама түсіндіріліп, білім беру саласындағы тәуекелдерге сыртқы талдау нәтижелері таныстырылды. Сонымен қатар, бухгалтерлік есептің «Фаворит» жүйесін енгізу барысындағы қиындықтар да сөз болды.

Сыйлық беру қолданыстағы заңнамаға қайшы келетінін есте ұстаған жөн. Түлектер өздерінің ықыластарын қарапайым гүл шоғын сыйлау, қайырымдылық бастамаларына қатысу арқылы білдіре алады. Сондай-ақ, мектептегі жөндеу жұмыстарына да ата-аналарды тарту заңға қайшы.

Мектепте ақша жинау фактілері бойынша 1424 колл-орталығына қоңырау шалуға болады. Заңсыз әрекет жайлы хабар берген азаматтар туралы дерек құпия сақталады.