Өңірде заңсыз жолаушы тасымалымен айналысып жүргендер көбейген. Бұл туралы облыстық көліктік бақылау инспекциясы мәлімдеді. Осыған байланысты заңсыз әрекетті тиюға бағытталған рейдтер ұйымдастырылуда. Әсіресе, Өскемен-Барнаул, Өскемен-Новосібір бағыттарында жұмыс күшейген.
Азаматтардың заңсыз тасымалы ішкі және сыртқы бағыттарда ұйымдастырылуда. Қазақстан мен Ресей арасындағы көлік қатынасы ерекше бақылауда. Облыстық көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерінің сөзінше, «көлеңкелі» қызмет пандемия кезінде қарқын ала бастаған. Олардың жұмысы кейде жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп,арты қайғылы жағдайлармен аяқталып жатады.Тіпті олардың арасында жол жүру ережесін сақтамайтын, заң талаптарын орындамайтындар анықталған.
Ал бекітілген тәртіп бойынша жолға шығатын жүргізушілер, көліктегі азаматтардың өміріне жауапкершілікпен қарайды. Заңсыз әрекетке барғандарды бұл жайт алаңдатпайтын көрінеді.
Заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатындар саны артқандықтан, жауапты мекеме тарапынан жедел шаралар қабылданып жатыр. Мамандар облыс тұрғындарынан тек ресми тасымалдаушылардың қызметтерін пайдалануды және өз өмірлеріне қауіп төндірмеуді сұрайды.