Биыл ҚР Жер кодексі жаңа заңнамамен толықты. Онда қала аумақтарында жер телімдерін берудің құқықтық негіздері бекітілген. Заңнаманың мақсаты жер мәселесіне қатысты құжаттарды барынша жеңіл реттеуге бағытталған. Сондай-ақ, тұрғындырға көрсетілетін қызметтің сапасын арттырып, цифрландыру жүйесін оңтайландыру.
Жер Кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, жер комиссиясы алынып тасталды. Бұдан бөлек, құжаттарды бекіту мен оны қарау уақыты қысқарды. Осыған байланысты, елдегі 88 қаланың аумағына кіретін елдімекендердегі жер телімдері жаңа талаппен беріледі.
Қызмет көрсету жүйесін автоматтандыру мақсатында "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде жер учаскелерін беру ерекшеліктері" ақпараттық жүйесі іске қосылды.
Заңда жер учаскесін электронды түрде берудің екі әдісі белгіленген. Біріншісі-әкімдіктердің жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерін тікелей беруі. Екіншісі-коммерциялық мақсат пен бизнесті жүргізу үшін аукциондар мен конкурстар арқылы жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жер беру. Аукциондар мен конкурстар тек қана электрондық түрде www.gosreestr.kz сайтында өтеді.