Өскеменде 1-10 тамыз аралығында Олимпиадалық спорт түрін қамтитын велоспорттан көпкүндік, 7 кезеңнен тұратын дәстүрлі 53-ші «Қазақстан оқушысы» халықаралық жарысы басталды. Спорттық шараға өзбекстандық екі команда мен еліміздің әр аймағынан келген 100-ге жуық жас өрен қатысуда.
Дәстүрлі веложарыс қала іші мен сыртындағы тасжолдарда ұйымдастырылады. Қатысушылар сайыстың әрбір кезеңінде 80-90 шақырым жолды жүріп өтулері тиіс.
Әр аймақтан келген велоспортшылар намысты қолдан бермей, жеңіп шығуға тырысатындықтарын айтады. Бұл үшін көпкүндік жарысқа сақадай сай дайындықпен келген.
100-ге жуық велоспортшы бақ сынайтын дәстүрлі, 53-ші халықаралық деңгейдегі спорттық бәсеке үздіктерді анықтауға мүмкіндік береді. Спортшылар бір-бірімен жекелей сынға түсуімен қатар, командалар да өзара бақ сынасады. Топтық сайыста ұжымның барлық мүшесі жоғары дәрежеде өнер көрсетуі керек. Жеті кезеңнен тұратын веложарыс Самар, Алтай, Бобровка, Таулы Үлбі бағытындағы тас жолдарда өтеді.