Өскеменде Оралхан Бөкей атындағы Орталық кітапханада қазақ халқының біртуар перзенті, ақын, композитор, дана ойшыл Абай Құнанбаевтың туған күніне орайластырылған көрме ұйымдастырылды. Экспозиция жұмысы ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған.

Көрмеге  орыс, неміс, француз, қытай тілдеріне аударылған Абайдың оннан астам кітабы қойылған. Ақын шығармашылығын ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалымдардың еңбектері де топтастырылған.
 
Ақын шығармашылығымен жете таныстыратын көрмеде  Абай өлеңдері мен қара сөздерін сүйіп оқитын дүниежүзі елдерімен танысуға болады.
 
Абай –  қазақтың жаңа тарихи дәуірдегі реалистік жазба әдебиетінің атасы. Оның есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы.