Айтыс – сөз өнері. Өскемендегі «Ертіс концерт» залында қазақ халқының біртуар перзенттері Абайдың туған күні мен Оралхан Бөкеевтің 80, Қасым Қайсеновтің 105 жылдығына орай облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Халқымыздың маңдайына біткен дара тұлғалардың құрметіне өткен кешті Мәдениет қайраткері, айтыскер ақын, жыршы, белгілі журналист Серік Құсанбаев жүргізді. Жыр додасына түрлі деңгейдегі айтыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздарынан құралған 5 жұп қатысты.
«Ең қиыны - шаршы топта сөз бастау» дегендей, айтыстың көшін бастап, бірінші айналымға шығатын ақындар арқалайтын жүк ауыр. Әйтсе де, бірінші болып сахнаға шыққан зайсандық Ұларбек Жеңісбек пен ұландық Тілек Мұратұлы кештің көркін қыздырып, көрермен көңілінен шықты.
Ақындардың әрқайсысы өзіне үкілі үміт артып, сенім білдірген халқына арқа сүйейді. Гүлжан Ыхылас – Катонқарағай ауданының намысын қорғау үшін, берілген тақырыпты жан-жақты ашу жолында көп ізденіпті.
Әділқазы алқасының мүшелері ақындардың шаппа-шап, қайыра жауап берудегі тапқырлықтары мен суырыпсалма өнерлеріне қарайды. Сондай-ақ, ақындар тақырыпты аша біліп, көпшілікке тұщымды ой тастаулары маңызды.
Көрермен қолдауы мен қошеметінен арқаланған ақындардың көмейінен жыр төгіліп, айтыстың әдемі үлгісін көрсетті. Әрқайсысы көңілге қонымды әзіл-қалжыңдарын араластыра, елді толғандырған келелі мәселелерді ортаға салып, өзекті ой тастады.