Өңірде азаматтық авиацияның құрылғанына биыл 89 жыл. 1935 жылдың тамызында Өскеменге қонған ұшқыш-пилоттарды шаһар жұрты ыстық ықыласпен қарсы алды. Сол уақыттан бастап осы салаға жастардың қызығушылығы артып, оларға еліктейтін қыз-жігіттер көбейді.
Кенді Алтайдың аспанында еркін қалықтаған ұшқыштардың еңбегі зор. Алғаш боп Риддерге поштаны жеткізген де осы жандар. Сол уақыттан бастап Семей, Өскемен, Риддер бағытындағы әуе тасымалы ұзақ жылдар бойы халық игілігі үшін қызмет еткен болатын.  
Өңірдегі жолаушылар ұшағынан да жұмысы сол жылдары басталды. Алғашқы рейстер Семей-Шемонаиха, Предгорное-Риддер, Өскемен-Бұқтырма, Алтай-Үлкеннарын-Катонқарағай бағытында болды.
1965 жылы қазан айында Өскемен әуежайына алғаш рет Ан-24 әуе лайнері қонды. Бұл Өскемен-Алматы арасындағы тікелей рейстерге арналған ұшақ болатын. Өңір орталығы елдің басқа да қалаларына қатынайтын әуе байланысын үзбей, әлі күнге дейін жалғастырып келеді.