Көлік құрастыратын қытайлық компания өңірге жаңа зауыт салуға ұсыныс білдірді. Облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов және әкімдіктің құрылымдық басқарма басшылары қытайлық Geely компаниясының өкілдерімен кездесіп, өзара ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Қытай елінің кәсіпкерлері Қазақстанда электромобиль өндірісін шоғырландыру жоспарлары туралы айтып берді. Бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан облысы басымдығы жоғары өңір ретінде саналып отыр. Егер нарықта қытайлық компанияның көліктеріне сұраныс көп болса, аймақта зауыт салу мүмкіндіктері қарастырылмақ. Бұл бағытта келіссөздер ары қарай жалғасады.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов өңірде автокөлік өндірісін орналастыруға барлық мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.

Компания нарыққа жеңіл электр көліктерінен бөлек жолаушылар автобустарын, квадрокоптерлерді және басқа да өнеркәсіптік техниканы ұсына алады. Қазақстандағы автокомпания дистрибьюторының айтуынша, зауытты орналастыру үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет.

Кездесу соңында аспан асты елінің өкілдері шығыс қазақстандықтарды компания өндірісі орналасқан Хэнань провинциясына баруға шақырды.