Зайсан ауданында мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқандар қатары артып келеді. Қолдау шаралары 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында іске асырылған.Биыл аудандағы  31 азаматқа грант беру көзделген.
Зайсан ауданына қарасты Үлкен Қаратал ауылының тұрғыны Мұрат Мұздыбаев мемлекеттен қайтарымсыз грант алғандардың бірі. Ол темірден түйін түйіп, кәсібін өрге домалатып жүр. Қазіргі уақытта ауылдағы мешіттің күмбезін дайындап жүр. Бұл салада жүргеніне 35 жылғы жуық уақыт болған. Кәсібін одан әрі дамыту үшін бизнес жоба әзірлеп, қаржылай көмекке қол жеткізген. Артынша жұмысына қажетті құрал-жабдықтарды алған.
Грант ұтып бастамасын іске асыруға мүмкіндік алған азаматтардың жобасы түрлі саланы қамтиды. Мәселен, көпбалалы ана Жансая Әйнекова жеке кәсіпкерлікпен айналысам деуші азаматтарға көмек көрсетеді. Бұл салаға қажетті құжаттарды әзірлеу, салық төлемдеріне есептеулерді жүргізу бойынша кеңес береді жас кәсіпкер. Көп балалы ана 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болған.

Табысты кәсіп ережелерінің бірі – сүйікті іспен айналысып, өзіңе ұнаған қызметте адал болу. Зайсан қаласының тұрғыны Елнұр Смағұлова бақша дақылдарын өсірумен айналысады. Көп балалы ана сүйікті ісін, кәсіп көзіне айналдырған. Қазіргі уақытта жұмыстың нақ қызып, түсетін тапсырыстың күн санап артып тұрған шағы. Елнұр Смағұловада бизнес-жоспарын сәтті қорғап грант иегері атанған.
Ал, Салтанат Сахариева тоқыма ісімен айналысады. Жанға жайлылық пен тыныштық сыйлайтын дүниені жасап шығару нағыз өнер,дейді кәсіпкер. Қазір, жұмыс істеп, кәсіп бастаймын деген адамға барлық жағдай жасалған. Мүмкіндік көп. Жыл сайын түрлі бағдарламалар іске қосылып жатыр. Тек, тәуекел етіп, ерінбеу керек.

Грант алуға өтінім беріп, қатысу  онлайн форматта да жүзеге асырылады. Ол үшін электрондық еңбек биржасындағы мобильді қосымшаны жүктеп, бизнес еңбек кз сайтына тіркелулері қажет. Одан кейін оқу курсынан өтіп, кәсіпкерлік саласын меңгергендігін растайтын сертификат алады. Өтініштер ЭЦҚ арқылы жіберіледі. Келезі кезекте бизнес жобасын әзірлеуге кіріседі. Тың бастама даяр болған соң, мемлекеттік грантты беруге жауапты комиссия өкілдерінің қарауынан өтеді. Комиссия мүшелері әр жобамен жіті танысып, қоғамда сұранысқа ие жобаға грант бөлу бойынша шешім шығарады.

Айта кетейік, мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі.