Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Ата-аналар балаларын мектепке дайындауға қызу кіріскен. Жылдағы дәстүр бойынша, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жергілікті ірі кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлермен бірлесіп, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында «Балаларды мектепке жинайық!» акциясын ұйымдастырады. Акция аясында биыл 23 миллион теңге көлеміндегі қаржыға 1500 балаға демеушілік көмек көрсетілді.
Қазіргі уақытта облыс көлемінде «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында 31-тамызға дейін жалғасатын «Балаларды мектепке жинайық!» акциясы жүріп жатыр.
Өңірдегі қайырымдылық шараларға атсалысып, игі бастамалардан шет қалмайтындардың бірі – «NIET.WOMAN» Әйелдер бастамасының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі. Аталған бірлестік мүшелері 2018 жылдан бері балаларды мектепке жинауға көмектесіп, оқу құралдарына толы 800-дей сөмкені тарту етіпті. Осындай шарапатты көрген ата-аналар, демеушілерге шексіз алғыстарын жеткізді.  
Атап өтерлік жайт, биыл №6699 әскери бөлімдегі көпбалалы отбасылар да назардан тыс қалмады. Әскерилердің отбасындағы ұл-қыздарға оқу құралдарына толы сөмкелер дайындалған.
Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған игі бастама келесі жылы да жалғасады.