Парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Риддер қаласына барып, ЖЭО-ның жағдаймен танысты. Биыл қыста орталықта түрлі апаттар болып, мұндағы ағайын жылусыз қалғанын жұрт жақсы біледі. Ал, қазір жылыту қазандығы қайта жөнделіп жатыр. Жылыту маусымына үлгеру үшін 14 мердігер ұйым жұмылдырылған. Тілші сюжетінен көрейік...

Биыл риддерліктер үшін қыс ауыр болды. Тұрғындар жылусыз қалды. Себебі, жылу орталығындағы құрылғылар әдбен тозығы жетіп, ескірген. Қыстағы қиындықты қайталамау үшін бұл жер қайта жөнделіп жатыр. Жылыту маусымына дейін қазандық қондырғылары мен жүйенің қосалқы элементтері дайын болуы тиіс. Парламент депутатының келген себебі де осы.

Иә, орталық осы жылыту маусымында ғана емес, ары қарай да апатсыз, қыста үзіліссіз жұмыс істеуі тиіс. Риддер әкімі жөндеу жұмыстары қатаң бақылауда екенін айтады. Мамыр айында нысандағы жабдықтарды бөлшектеп, жұмысқа дайындаған. Жаз шыға жаңадан алынған, қайта қалпына келтірілген жабдықтар орнатыла бастады. Жылыту маусымына дейін қазандық қондырғылары мен жүйенің басқа да элементтері дайын болады деп жоспарланып отыр.

Дегенмен, қала әкімі жөндеу кезінде кейбір жұмыстар белгіленген уақыттан кешігіп жатқанын айтады. Бұл негізінен қажетті жабдықтардың тасымалына байланысты екен.