Бұқтырма су электр станциясының құрылысы 1953 жылы басталған. Ал алғашқы гидроагрегат 60 жыл бұрын пайдалануға берілген. Су электр стансасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету аймақтағы ірі өндіріс орындарының бірі «Казцинктың» басты міндеті.
 Нысан 1997 жылдан бері облыстағы ең ірі тау-кен металлургия кәсіпорнына жалға берілген. Қазіргі уақытта мұнда техниканы жаңарту жұмыстары жүргізіліп келеді. «Казцинк» компаниясының Бұқтырма су электр станциясына қаржы салуы мұнда заманауи техниканы  орнатуға мүмкіндік берді. Жабдықтарды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар әлі де жүргізілуде. Соңғы жылдары трансформаторлар мен генераторлық ажыратқыштар ауыстырылған.
Автоматтандыру жүйесін жаңғырту бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Жаңа су электр стансасында басқару пультін орнату және ашық тарату құрылғысы ауыстырылды.
Казцинк» компаниясының қолдауымен Бұқтырма су электр станциясы ең озық қондырғыларды пайдалана алады. Айта кетейік, Ертіс өзенінде орналасқан электр станциясында жалпы қуаты 675 МВт болатын 9 блок бар. Кешеннің негізгі міндеті – компания бөлімшелерін тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету.