Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе.  Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды.Мемлекет басшысы өз жолдауында елдегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды деген еді. Президент пәрмені Зайсан ауданында іске асырылуда. Қазіргі уақытта ауданға қарасты Шілікті ауылында жергілікті амбулатория күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет. Шілікті ауылындағы амбулаторияда бір жарым ай бұрын басталған күрделі жөндеу жұмыстары қызып тұр. Мердігер мекеме ғимаратты ретке келтіру ісін кестеге сай жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіледі. Бұл бастама ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған.
Ал Қарабұлақ ауылында балабақша ғимараты жөнделіп жатыр. Ауылда тұралап қалған ескі ғимарат ретке келтіріліп, жаңа кейіпке енуде. Тың бастаманы жергілікті тұрғын, көпбалалы ана Аяулым Чукумова қолға алған. Балабақша 75 орынға шақталған. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарының сұранысына қарай орын санын арттыру да көзделген.
Балабақша ғимаратының жөндеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылған. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Қарабұлақта қолға алынған бастама мұндағы балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешуге бағытталған.
Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Балабақшада балғындардың тәрбиесімен айналысатын мамандарда түгелдей жасақталған. Мекеме іске қосылғаннан кейін педагогтер қауымы бірден қызметіне кіріседі.