Облыс орталығында білім саласы қызметкерлерінің басын қосатын дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Биылғы басқосудың форматы ерекше болды. Жиында өткен оқу жылы қорытындыланып, білім саласына енгізіліп жатқан жаңашылдықтар таныстырылды. Бұдан бөлек, жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы ұстаздарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады.
Биыл Білім министрлігі дәстүрлі тамыз конференциясының форматын өзгертті. Елдің әр аймағына талқылауға арналған тақырып берілді. Аймаққа бекітілген тақырып қосымша білім беру.
Мамандар білім беру саласында қол жеткізген нәтижелермен қатар,  түйткілді мәселелерді де атады. Бұл, ең алдымен, жұмыс істемейтін отбасында тәрбиеленген балалардың жағдайы. Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышеваның айтуынша, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекеме басшылары өз қамқорлығындағыларды патронаттық отбасыларға беруге белсенді қатысуы керек.
Жиында оқу үдерісіндегі жаңалықтар да жарияланды. Биыл мұғалімдерді аттестаттау жүйесі де жаңарған.  
Шараға облыс әкімі Ермек Көшербаевта қатысып, ұстаздар қауымына құттықтау сөз сөйледі.
 «Әділетті Қазақстан: адал ұрпақ, сапалы білім, табысты ұлт» ұранымен басталған кеңес екі күн бойы өтеді. Конференцияда ұстаздар түрлі шеберлік сағаттарына қатысып, білім саласындағы тың үрдістерді талқылап, тәжірибе алмасады.