Биыл Өскеменде денешынықтыру пәнінің мұғалімдеріне арналған дәстүрлі, республикалық Тамыз конференциясы ерекше форматта ұйымдастырылды. Үстел теннисі орталығында өткен ғылыми-тәжірибелік жиында «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында білім беру ұйымдарындағы тәрбиеленушілердің бойында дене шынықтыру мәдениетін қалыптастырудың заманауи тәсілдері қарастырылды. Бұдан бөлек, бұқаралық спортты дамыту мақсатында осы саланың майталмандары және кәсіби жаттықтырушылар педагогтармен бас қосып, шеберлік сағатын өткізді.
Спорт, дене шынықтыру саласының жетекші мамандары қатысқан ғылыми-практикалық конференцияда салауатты өмір салтын насихаттау, жас спортшыларды тәрбиелеу, сонымен қоса бұқаралық спортты дамытудың алғышарттары туралы сөз болды. Баланың денсаулығын нығайтуға бағытталған мектептегі дене шынықтыру сабағын оқыту бағдарламасын күн талабына сай жетілдірудің мәселелері пысықталды.
Ольга Рыпакова атындағы жеңілатлетика манежінде өткен шеберлік сағатында мектеп оқушыларын қандай да бір спорт түріне баулып, жаттықтырудың негізгі алғышарттары талқыланды. Мектептегі дене тәрбиесі процесін ұйымдастырудың әдіснамалық негіздері жүйеленіп, мазмұнын жаңартудың басым бағыттары талқыланды.
Сонымен, дене шынықтыру мұғалімдерінің алдындағы мақсат айқын, міндет көп. Бұл ең алдымен, дарынды жас спортшыларды арнайы оқу-жаттығудан өткізіп, дұрыс бағытта тәрбиелеуді қамтамасыз ету. Биылғы Тамыз конференциясында ортаға салынған өзекті мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, шаралар жоспары бекітілді.