Қазан айы қарттар күнін мерекелеумен басталады. Аға буынға деген халықтың ықыласы қашанда ерекше. Үлкеннің батасымен өскен ұрпақ алғысын алуға да ұмтылады. Облыс әкімі Ермек Көшербаев Қарттар күнінде аймақтың түкпір-түкпіріндегі зейнеткерлерді құттықтады. Бірнеше зейнеткерді өңірдің дамуына қосқан үлестері үшін құттықтап, алғысхаттар табыстады. Облыс басшысының айтуынша, аға буын – әрқашан біздің тірегіміз және қолдаушыларымыз. Әкім осылай деп бұрынғы әріптесі, қазіргі зейнеткер Геннадий Бердюгинді құттықтау кезінде айтты. Геннадий Бердюгин қартпын деп ештеңеден қалыс қалған жоқ, қай ортада болсын белсенді. Жастарға да сол кеңесін айтты. Ермек Көшербаев ары қарай алтын құрсақты ана Галя Ешееваның үйіне де барды. Аймақ басшысы үнемі сергек жүретін, немере-шөбересінің ортасында мәз-мейрам отырған әжеге жылы лебізін білдіріп, алғысын жаудырды. Глубокое ауданының Солнечный кентіндегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында бүгінде жүзден аса жан тұрады. Ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар бар. «Мекеме қызметкерлері үй жағдайына жақын атмосфераны құруға тырысады. Ал, орталықтың тұрғындары бұның рахатын көріп отыр. Мұнда жай тұрып қана қоймай, сүйікті ісімен, спортпен немесе шығармашылықпен айналысады. Тіпті, орталықтан шықпай-ақ медициналық көмек те алады» деп жазды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Өңір басшысы бүгінгі ұрпақты қарттардың жарқын болашақ үшін жасаған істеріне алғыс айтуды ұмытпауға шақырып, барлығына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, амандық тіледі.