Соңғы кезде дамуы кеш жетілген балалар деген ұғым пайда болған. Ол баланың эмоционалды, психикалық немесе физикалық өсудің бір немесе бірнеше түрінде құрдастарынан артта қалуын білдіреді. Балаларды аяққа тұрғызуға күш салып, қатарынан қалдырмауға еңбектенген орталықтар бар. Сондай орталықтардың бірі Өскемен қаласында орналасқан «Қамқорлық» ерте араласу орталығы. Елімізде дамуы кеш жетілген балалар саны артып келеді. Осы орайда көмекке келетін логопед, дефектолог, емдік-сауықтыру мамандары және психолог мамандар. Олар баланың тілін шығаруға, сал ауруы немесе басқа синдромдармен келген баланы аяққа тұрғызуға көмектеседі. Орталықтың логопед маманы Гүлнар Қасқабасова баланың тілін шығаруда шыдам мен көп жаттығу керек екенін айтады. Барлығы еңбек пен талпыныстың арқасында, дейді. Орталық тұзды бөлме, сенсорлық бөлме, құрғақ бассейн, түрлі ойын алаңдары, шумгитті бөлме, емдік-сауықтыру кабинеттерімен жабдықталынған. Осындай орталықтар баланың аяққа тұруына, тілінің тез шығуына тигізер пайдасы мол және өз ортасынан қалыспауға мүмкіндік береді, дейді мамандар.