Қазаққа күрестің қай түрі болса да жақын. Жауынгер халыққа джиу-джитсу да бөтен спорт емес. Күрес өнерінің бабын білетін елміз. Соңғы жылдары жерлестеріміз джиу-джитсудан өткен байрақты бәсекелерде толайым табыстарға жетіп жүр. Мәселен, қарашаның бірі мен бесі аралығында БАӘ-де өткен 15-і ашық әлем чемпионатында алты спортшымыз жүлделі болып, төрт алтын мен екі күміс еншілеп қайтты. Бүгінде аймақта джиу-джитсудың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – Асылбек Темірбеков. Спортшы қазір бапкерлікті де қатар алып жүр. Білікті жаттықтырушы 200-ден астам спортшыға тәлім береді. Шәкірттерінің алды әлем біріншілігінің алтынын алып үлгерген. Жасөспірімдерді баптауды дұрыстап қолған алған ол, бір күннің ішінде бірнеше ауысымда споршыларға бар білгенін үйретеді. Джиу-джитсу соңғы уақытта қаракөз қыздардың сүйікті спортына айналған. Алдағы уақытта арулар арасындағы джиу-джитсу тіпті қарыштап дамиды деген сенім бар. Әлем чемпионатында үмітті ақтаған өрендеріміз әлі елге оралған жоқ. Мықтылардың қатарында Саида Айдархан да болуы керек еді. Алайда, жарақат алып, жарыстан шет қалған. Бозкілемге келер жылы бірақ шығады. Джиу-джитсу ресми түрде Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының қатарына кіріп, XIX Азия ойындарының бағдарламасына енгізілді. Дәл қазір джиу-джитсу әлем мойындаған спорт саналады. Біздің өрендер де әлем мықтыларының арасында әлі біраз жыл көш бастайтыны сөзсіз. Бастысы – тынымсыз еңбек.