Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында тағы бір ерекше кітаптың тұсаукесер шарасы өтті. «Здесь легенда утёса живёт» атты кітап-альбомының авторы Светлана Горьковая. Автор еңбекті жазудағы басты мақсат – жерлес жазушының шығармаларын насихаттау болды дейді. Айта кетейік, шара «Туған жер – алтын бесігім» акциясы аясында ұйымдастырылды. «Тени исчезают в полдень», «Вечный зов» көп сериялы кинотуындыларын кеңестік заманда сүрген жандар жақсы біледі. Ауыл өміріне негізделген, өз уақытында кинопрокаттан түспеген фильмдер әйгілі орыс жазушысы Анатолий Ивановтың романдарының желісімен түсірілген. Кеңестік әдебиетке жаңа леп әкелген қаламгер шығысқазақстандықтардың жерлесі екенін үлкендер білсе де, жас буын біле бермейді. Алматыдағы сол кездегі Киров атындағы ҚазМУ-ді бітірген ол, шығармашылық жолын Семейдегі «Прииртышская правда» газетінде журналист болып бастаған. Кейін қоныс аударып, өмірінің соңына дейін Ресейде өмір сүрген. Жазушының қиялынан туған жартастың шығармашылық образы күні бүгінге дейін жерлестері үшін қадірлі. Тұсауы кесілген кітаптың басты «кейіпкері» - Мария жартасы. Нақты айтқанда кітап Шемонаиха ауданының әдеби-географиялық киелі орнына арналған. Аудан тұрғындары үшін бұл жер туған жерге деген махабаттың символы дейді оқырмандар. Альбом Анатолий Ивановтың туғанына 95 жыл толуына орай жарық көрді. Кітап-альбом шығару жобасын Шемонаиха орталық аудандық кітапханасы «Бір аудан – бір кітап» аймақтық акциясы аясында көтерген. Альбомды жасау кезінде ашық дереккөздер, жеке коллекциялар мен орталық аудандық кітапхана қорының материалдары қолданылған. Оған қоса, іші жергілікті суретшілердің графикалық және кескіндеме жұмыстарымен бейнеленген.