Өскеменде Ұлттық Ұлан жауынгерлерінің қызметі бейнеленген "Бүркіт" атты патриоттық фильмінің тұсаукесері өтті. Көрермендер режиссер Данияр Ибрагимовтың толықметражды картинасын қуана қабылдады. Отандық фильмді киносүйер қауыммен бірге Өскемен қаласындағы «Шығыс» өңірік қолбасшылығының жеке құрамы да тамашалады. Батырлар туралы кинокартина кез-келген көрерменің жүрегінен орын алары хaқ. Ал «Бүркіт» фильмінің тұсау кесеріне келген әскери қызметкерлер көркемфильмнен өздерін көргендей әсер алды. Айта кетейік, туындының авторлары әскери қызметкерлер жайлы картинаны түсіруге әбден машықтанып алған. Әскери фильмнің қоюшы режиссері – Қазақстан кинематографиясында “Алтыншы бекет” және “Қазбат” әскери кинокартиналарының бас продюсері ретінде танымал Данияр Ибрагимов. Аталмыш туынды оның режиссерлік жұмысындағы дебюті. Мұндай шытырман оқиғаға толы экшн-фильмдерді шетелдік кинолардан ғана көретінбіз. Енді, міне, отандық киноөнім де көкерменге жол тартты.Жалпы, жастарды патриоттық тәрбиеге баулуда осындай кинофильмдердің көп болғанын қалаймын, - дейді қала тұрғыны Мейіржан Ысқақов. Кинотеатрда бірде-бір бос орын болған жоқ. бұл фильмнің премьерасы жоғарғы деңгейде өткенін көрсетеді. Айта кетейік, Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелеріне арналған көркем фильм Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен бірлесіп түсірілген.