Азаматтар сапалы ем-домды тек аудан, облыс орталықтарында алады деген түсінік жоққа шығып келеді. Көп жерде медицина қолжетімді дүниеге айналды. Әсіресе, Зайсан ауданындағы ауылдар тұрғындарды жайлы ғимараттарда қабылдап, емдеу шараларын алаңсыз өткізуде. Тиісінше, халықтың өмір сүру сапасы да артады. Аудандағы айтулы істің бірі ауылдық жерлердегі медициналық пунктерге, дәрігерлік амбулаторияларға толықтай жөндеу жүргізу. Игіліктің жемісін көріп жатқан Қуаныш ауылы. Елді мекендегі дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтіп, қайта қолданысқа берілді. Адамдар дән риза. Амбулатория іші жарық, жайлы. Қажетті жабдықтар алынып, бөлмелер мұнтаздай жылтырап тұр. Ем алушыларға, дәрігерге қаралуға келген жандарға өте қолайлы дейді тұрғындар. Талай жыл бас ауруы болған шаруаның шешімі табылғанына Гүлбақыт Ибраева тіпті қуанышты. Осы саланың, қала берді ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту ісінде отымен кіріп, күлімен шыққан маман. 26 жыл еңбек өтілінде дәл осындай ғимаратта істеу бұйырмаған еді деп отыр. Отбасылық амбулатория негізінен алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсетумен айналысады. Ауылдағы 300-ге жуық адам осы жерде тіркеуде. Жолдама алудан бастап екпе алуға дейінгі ем-домды осы жерде істейді. Ауыл әкімінің айтуынша, округтегі оң өзгерістер мұнымен тоқтамайды. Жалпы, Біржан ауылдық округінде 1500-дай адам тұрады. Алдағы жылы Қуаныш ауылында балалар үшін ойын алаңын салу, бақшалық су мәселесін шешу сияқты өзекті мәселелер шешімін таппақ.