Мемлекет ауылдардағы медицинаны қолдау ісін қолға алды. Соның ішінде шалғай ауылдар мен шекаралық аудандардағы елді-мекендер тұрғындарының өмір сапасын арттыру басты назарда. Бұл жерде әңгіме денсаулық сақтау саласын қамту туралы. Зайсан ауданына барып қайтқан арнаның түсірілім тобы сол өңірдегі медициналық нысандарды аралап, дәрігерлер жағдайымен танысты. Бүгінде Зайсан ауданының халық саны 34 мыңнан асады. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, тұрмысын жақсарту үшін әлеуметтік нысандардың көптігі керек. Жайлы ифрақұрылым аудан жағдайын ілгерілете түседі. Жалпы, зайсандықтар үшін 25 емдік-сауықтыру мекемесі қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, 102 орындық орталық аурухана, ауылдық жерде орналасқан сегіз, бір қалалық дәрігерлік амбулатория бар. Сонымен қатар 14 медициналық пункт пен 1 фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Биыл аудандағы бірнеше ауылдық дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Соның бірі Дайыр ауылының қайта жаңарған медициналық ғимараты. Нысан толық жөндеуден соң тұрғындардың игілігіне берілді. Бұған дейін ауыл азаматтарына қызмет көрсеткен ғимараттың жағдайы қазіргіден нашар еді. Бүгінде адам танымастай өзгеріп, қайта жұмысын бастады. Тамыз айында басталған жөндеу уақытылы аяқталды. Мекеменің іші жаңартылып, инженерлік желілері, есік-терезелері ауыстырылды. Заманауи медициналық құрылғылармен, өзге де қажетті жабдықтармен қамтылған. Электр жүйесі, жиһаздары алмастырылып, тұрғындарды қабылдауға сақадай сай. Бүгінде зейнеткер атанған Гүлсім Шайыққызы ауылдық емханада 42 жыл медбике болған. Қызметтен сырт болса да, әріптестері үшін, үйіндей боп кеткен ғимараттың қазіргі жағдайы үшін қуанышты. Ақжарма тілегін де жолдады. Биыл аудандағы үш медициналық пунктте, үш дәрігерлік амбулаторияда және аудандық ауруханада жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жергілікті денсаулық сақтау саласының мамандары бұл игі іс жалғасын табатынын айтты.