Риддер өңірінің табиғаты өзінің әсемдігімен, ауа – райының ерекшелігі және таза ауасымен танымал өлке. Туристік әлеуеті жоғары, табиғи ресурстары мол болғандықтан бұл өңірде туризм саласын дамытуға және кеңейтуге барлық мүмкіндіктер бар. Облыс орталығына таяу жатқандықтан қысы-жазы туристер көп ағылады мұнда. Саяхатшылар жаздай тау-тасын араласа, қыста шаңғы тебу үшін өңірді бетке алады. Өңір аумағында Қазақстан, ТМД елдерімен алыс шетел туристерін тартатын кенді Алтайдың негізгі табиғи көрікті жерлері шоғырланған. Мұнда экологиялық туризмді дамытуға қолайлы Батыс Алтай табиғи қорығы «Алтай інжулері» кластері орналасқан. ҚР тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңінде Риддер қаласының аумағында туризм обьектілерінің саны 38 бірлікке дейін ұлғайды. Оның ішінде 13 демалыс базасы, 7 база қысқы туризмге бағдарланған. 2 тау шаңғысы базасы, 2 спорт кешені және туристерге арналған арнайы қонақ үйлер мен пәтерлер бар. Кейінгі жылдары Риддерде жазғы, қысқы туризмді дамыту да мықтап қолға алынды. Мұндағы тау шаңғысы кешендерінің беткейлері әртүрлі биіктікте болғандықтан, кәсіби шаңғышылардан бастап аяғына шаңғыны жаңа байлаған демалушыларға дейін уақытты тиімді өткізе алады. 2019 жылы тау-шаңғы базаларының екі алып жолағы­ «FIS» сертификаттарына қол жеткізген. Демалу кешендері таудың бөктерінде орналасқанымен, жаяу және автокөлікпен шығатын жолдары сайрап жатыр. Халықтың келіп, тынығып кетуі үшін тиісті жағдайдың барлығы жасалған. Табиғаты тұмса өңірге келген әр саяхатшы таңдауына қарай, Батыс Алтайдың шыңдарын, орман-тоғайын, өзен-көлдерін аралап, көріп шығуларына болады. Қажет болса, көптеген туристік фирмалардың қызметтеріне жүгіне алады. Олардың ұсынатын бағдарламалары, туристік бағыттары да сан алуан.