Өскеменде «Сергек» бейнебақылау жүйесі 2019 жылдан бері іске қосылған. Бұл жүйенің жолдағы және қоғамдық тәртіпті сақтауда әрі оны күшейтуде алар орны ерекше. Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының мәліметі бойынша, бейнебақылау камераларының көмегімен 10 айдың ішінде 121 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелген. Облыс орталығында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жалпы төрт мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Жүйе жылдамдық режимін сақтамау, бағдаршамның тыйым салу сигналына өту, жол белгілерiн елемеу, тыйым салынған жерде тоқтау секілді жол ережелерін бұзылу дерегін тіркейді. Бұл жүйе көше қиылыстарында, адам көп жүретін қоғамдық орындарда орнатылған. Бүгінгі таңда «Сергек» аппараттық жүйесі қаладағы 121 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін тіркеді. Жалпы айыппұлдар сомасы - 110 млн. теңге. Айта кету керек, жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс ұйғарым жіберілген немесе айыппұл төлеу қажет болған кезден бастап қозғалған болып есептеледі. Алайда, жүргізушілердің көбісі өздеріне салынған айыппұлдармен келісе бермейді. Себебі, көлік иесі құқық бұзушылық жасалған уақытта өзі көлікті басқармағанын дәлелдесе, жауапкершілікке тартылмауы мүмкін. Сондай-ақ, көліктің иесін тексеру барысында құқық бұзушылық тіркелсе, алайда көлік оның меншігінде болмаса, яғни ұрлық немесе көлікті рұқсатсыз әкету фактілері анықталса, темір тұлпар иесі құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.