Дінмұхамед Қонаев қазақтың ұлттық санасының өсуіне, еңсесі көтеріліп ұлт ретінде ұйыса түсуіне үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері. Ал оның Риддер қаласында тұрып, еңбек еткендігі жайлы бірі білсе, бірі білмес. Қалалық өлкетану мұражайында тау тұлғаның өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін көрме бар. Дінмұхамед Қонаев Риддер қаласына «Алтай – полиметалл» комбинаты құрылып жатқан кезде келді. Ол жұмысы тоқтауға айналған, тоқырап, шаруасы біткен өндіріс орнын аяғынан тік тұрғызады. Өз мамандығы мен кәсібін шексіз сүйген азамат күн-түн демей кеніште жүреді. Іскерлік пен ұйымдастырушылық және жұмысшылармен тіл табыса білу қасиеті тас-талқаны шыққан кенішті қатарға қосады. Жалпы кенді Алтайды өркендету жолындағы ғылыми жобалар мен өндірістегі еңбектің басы-қасында жүрген, басшылық жасап, өндіріске жаңалық енгізген, жасы әлі отызға тола қоймаған Қонаевтың ерен еңбегі тарихта ерекше таңбаланып қалған. Дінмұхамед Ахметұлы Риддер кенішінде басшылықта жүргенде оның қарапайымдылығы жұртты қайран қалдырған оқиғалар көп еді. Мұражайдағы жәдігерлердің арасында шахтерлардың сол уақытта кеніште пайдаланған еңбек құралдары, соғыс жылдары шығарылған қорғасын снарядтар мен оқтар бар. Стенділерге кеншілердің Д. Қонаевтың басшылығымен қол жеткізген жетістіктері туралы баяндайтын құжаттар, Д. Қонаевтың забойда түскен, жары Зухрамен түскен фотосуреттері, 1939-1942 жылдары тұрған ағаш үйлері бар фотосуреттер ілінді.