Облыс орталығына елдің денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник келді. Вице-министр Өскеменде БАҚ өкілдерімен кездесіп, баспасөз конференциясын өткізді. Жиында ол денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың өңірде жүзеге асырылуына тоқталды. Вице-министр Вячеслав Дудник брифингте денсаулық сақтау саласын дамытудың бірнеше басым бағыттарын атады. Олардың қатарында медициналық көмек көрсетуді жетілдіру, дәрі-дәрмекпен қамту, онкологиялық аурулардың алдын алу, ана мен баланы қорғау және мамандардың біліктілігін арттыру мәселелері бар. Бұдан бөлек, ауыл медицинасын дамыту бағытын да тілге тиек етті. Брифинг барысында өңір тұрғындарын толғандыратын түйткілді мәселелер қозғалды. Соның бірі –дәрі-дәрмектің уақытылы жеткізілмеуі. Айта кетейік, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі жұмыс сапары барысында облыстағы емдеу мекемелерінің басшыларымен бірқатар кездесулер өткізіп, ауруханаларды да араламақ.